ЖЕҢІСКЕ КОЛХОЗДАР ДА МОЛ ҮЛЕС ҚОСТЫ

Келес ауданындағы «Қазақстанның 15 жылдығы» колхозының колхозшылары аудан бойынша астық жоспарын ең алдымен орындаушылардың бірі болса, Сайрам ауданының «Қызылту» колхозының еңбеккерлері астық, ет, май тапсыруды, салық қаржылары мен заем жарнасын жинақтауда үлгі көрсетті. Киров, Ворошилов, «Жаңа жол» колхоздары көзге түсті. Қаратас ауданындағы «Қызылтаң», Калинин, Ворошилов, Киров колхоздары да бұл кезге дейін болмаған жаңа жетістіктерге жетіп, Ленгір ауданындағы жекелеген колхоздар да үздік атанған.

Шәуілдір ауданындағы «Қоғам» колхозында мақта теру науқанын жекелеген азаматтар бірнеше рет өсіргені, Арыс ауданында Карл Маркс атындағы колхозының терімшілері мақта терімді 250-300 пайызға дейін жеткізгені жазылды. Мұндай жағдайлар Киров, Шымкент, Мақтаарал, Арыс, тағы басқа аудандарда ерекше орын алған.

Облыс жастарының еңбегі ерен болды. Мақта жинаушылар арасында күндік нормаларын екі, үш есе орындаушылардың саны өсті. Бұл істе мектеп оқушыларының да үлесі көп болды. Олар сол кездегі жағдайдың аса ауыр болуына байланысты қолдарынан келгенше майдан үшін аянбай жұмыс істеу керектігін бала да болса түсінді.

Соғыс жылдары әр өңірде жыл сайын жасаған еселі енбек өзінің жақсы нәтижелерін берді. Аудандарда еңбеккерлер дәнді дақылдардан, мемлекетке мақта тапсырудан жоспарларын асыра орындады. Жекелеген колхоздар өнім өндіруде айрықша ерекшеленіп, жоғары көрсеткіштерге жетіп отырды.

Оңтүстік Қазақстан облысының өндіріс орындарында, колхоздар мен совхоздарда малшылар етті соғысқа дейінгі жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп өндірді. Колхоздар мен совхоздардағы, машина-трактор стансаларындағы жұмыс істейтін жастар да еңбек қарқынын бұрынғыдан арттыра түсті.

Ауыл шаруашылығының қай саласында болсын ер-азаматтардың жаппай майданға аттануына байланысты барлық ауыртпалық әйелдер мен қарттардың мойнына түсті. Бүкіл елдегі сияқты техника тілін білетін әйелдердің ауыл шаруашылығы өндірісіндегі үлес салмағы артты. Ал облыс өнеркәсібі мен транспортында 5.682 әйел жұмыс істеді. Олардың арасында күндік нормаларын бірнеше есе орындайтындар саны өсті. Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде ғана 2 мыңнан астам тракторист, 173 комбайнер, 315 комбайнер жәрдемшілері болды.

Арыс теміржолында қызмет атқарған ерлердің әйелдері күйеулері майданға аттанғаннан кейін олардың орнына жұмысқа шықты. Бұл облыстың басқа жерлеріндегі теміржолшыларға қатты әсер етті.

1941 жылғы 5-қараша күні Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің мәжілісінде көптеген кәсіпорындарда жылдың он айы ішінде қаншама жақсы істер атқарылғаны айтылып,  тапсырыстардың жалғаса беретіндіктері мәлімделді. Көптеген өндіріс орындарының жасап жатқан тамаша жұмыстары, соның ішінде Шымкент химфарм заводының, Ащысай полиметал комбинатының, сондай-ақ Шымкент ет зауытының, тағы басқа кәсіпорындардың үлкен табыстары атап көрсетілді. Осы мерекеде ауыл шаруашылығы саласында табысқа жетіп жатқандар мадақталды. Жекелеген аудандардағы еңбекшілердің ерліктері айтылды.

Соғыс жылдарында облыста, аудандарда мектеп оқушыларының білім алуына да ерекше көңіл бөлінді. Бұл жылдары жоғары оқу орындары мен мектептің жоғары кластарындағы оқу бағдарламаларында жекелеген өзгерістер орын алды. Сабақта жастардың әскери істі меңгеруіне, олармен қорғаныс-көпшілік жұмыстарының жоғары дәрежеде жүруіне назар аударылды. Ер жігіттердің апталық сабағы көбейтілген сағаттық бағдарлама бойынша жүрді. Осындай сағаттық бағдарлама бойынша қыздарға санитарлық білім берілді.

Оңтүстік Қазақстан облысында еңбек резервтеріне үлкен үміт артылды. Облысаралық еңбек резервтері басқармасының мектептері мен училищелерінде оқушылар құрамы үш еседен астам өсті. Фабрика-зауыт мектептеріндегі (ФЗО) оқушылар жұмысшылардың орнын толықтырып отырды.

 

Еще от автора

Оставить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *