Ұлы Отан соғысының 1942 жылдың 19-қарашасынан 1943 жылдың соңына дейінгі екінші кезеңінде Сталинград шайқасы жаудың таңдаулы әскерлерін талқандап қана қоймай, Ұлы Отан соғысы мен екінші дүниежүзілік соғыстың барысында түбегейлі бетбұрыстың басталуына жағдай жасады. Қазақстанның Батыс Қазақстан стансалары мен елді мекендерінің кең көлемді бөлігі Сталинград майданының ең жақын тылына және соғыс қимылдарының аумағына айналды.
Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған қаншама дивизия қатысты. Курск шайқасы аяқталды. Курск түбіндегі жеңіс және Днепрден өту Ұлы Отан соғысына түбегейлі өзгеріс жасағаны белгілі. Фашистік Германия стратегиялық үстемдіктен айырылып, қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Курск шайқасында қазақстандық 71-ші және 73-ші гвардиялық дивизия асқан ерлік көрсетті. 1943 жылы 28-қараша мен 1-желтоқсан арасында Тегеран конференциясы болды. Оған КСРО, АҚШ, Ұлыбритания мемлекеттерінің басшылары Сталин, Рузвельт, Черчилль, сыртқы істер министрлері, штаб басшылары, т.б. кеңесшілер қатысты. Күн тәртібінде соғыстың барысы мен соғыстан кейінгі бейбітшілік мәселелері талқыланды.
1944 жылдың бірінші жартысында Қызыл Армия ірі жауынгерлік операцияларды табыспен жүргізді де, майданның кейбір бөліктерінде Кеңес Одағының мемлекеттік шекарасына шықты. 1944 жылы 6-маусымда одақтастар екінші майдан ашып, солтүстік-батыс Францияға экспедициялық күштерін түсірді. 1944 жылғы күзге қарай кеңес әскерлері КСРО шекарасына жетті. Кеңес әскерлерінің соққысынан гитлерлік блок біржола күйреді. Германия 1944 жылдың 2-жартысында үш одақтасынан – Румыния, Болгария және Финляндиядан, 1945 жылдың басында Венгриядан айырылды.
Соғыс Батыс Европа аймағында жалғасып, 1944 жылдың жазы мен күзінде Румыния, Болгария, Югаславия, Албания, 1945 жылдың қысы мен көктемінде Польша, Чехословакия, Венгрия, Австрияның шығыс бөлігі, Норвегияның солтүстігі жаудан азат етілді. 1945 жылы 4-11 ақпанда КСРО, АҚШ және Ұлыбритания үкімет басшыларының Қырым конференциясы өтті. Бұл конференцияда Германияны біржола талқандаудың әскери жоспары және дүние жүзінің соғыстан кейінгі құрылымының негізгі принциптері, сондай-ақ Европадағы соғыс аяқталғаннан кейін КСРО-ның Жапонияға қарсы соғысқа кірісуі туралы құпия келісім жасалды.
Біз осы 1945 жылы өткен КСРО мен жапон соғысы туралы да көп айта бермейміз. Реті келіп тұрғанда, оған да бірсыпыра тоқталып өтсек пе дейміз. Өйткені біздің көптеген жерлестеріміз бұл шайқасқа да қатысқан.
1945 жылдың 9 мамырында фашистік Германия тізе бүккен соң КСРО басшылары Қиыр Шығыста бірнеше жылдан бері кеңестік қалалар мен Қытайды және басқа да елдерді басып алған Жапонияны біржолата тыныштандыруды ойлады. Осы мақсатпен Қызыл Армияның жоғары командованиясы Герман соғысынан босаған 1,5 миллион әскерді Қиыр Шығысқа төгеді.
1945 жылдың 26 шілдесінде АҚШ,Ұлыбритания және Қытай өкіметі Жапонияның толық тізе бүгуін талап етеді. Бірақ бұған Жапон үкіметі үзілді-кесілді қарсы шығады. Аталған үш елдің талабын қуаттаған КСРО басшылығы да оларға қосылып, 1945 жылдың 8 тамызында Жапонияға соғыс жариялайды.
Кеңес әскери басшылығы Қиыр Шығыстағы соғысты үш майданға бөледі. Атап айтқанда, маршал Р.Я.Малиновский басқарған 1-ші Забайкалье майданында 17-ші, 39-шы, 53-ші жалпы жауынгерлік армиялары және 6-шы гвардиялық армия мен 12-ші әуе күштері армиясы болды.
Маршал К.А.Мерецов басқарған 1-ші Қиыршығыс майданында 1-ші Қызылтулы және 5-ші, 25-ші, 36-шы жалпы жауынгерлік армиялар, сондай-ақ 9 әуе күштері армиясы мен шұғыл әрекет ететін Чугоев отряды соғысқа кірді.
Армия генералы М.А.Пуркаев басқарған 2-Қиыршығыс майданында 2-Қызылтулы армия мен 15-ші, 16-шы армиялар, 5-ші атқыштар корпусы және 10-шы әуе күштері армиясы шайқасқа түсті.
1945 жылдың 9-тамыз күні әскери күштер ұзындығы 400 шақырымға созылған майданды бастайды. Алғашқыда тек жеңуді, ал жеңілген жағдайда қолға түспей, өз-өздерін өлтіруді әдетке айналдырған жапондық Квантун армиясы қатты қарсылық көрсетті. Бірақ тегеурінді Қызыл Армия олардың қарсылығын елемей, 23 күннің ішінде жапондықтарды тас-талқан етеді. Осы күні Жапон үкіметі жеңілгенін мойындап, тізе бүгу туралы актіге қол қояды. Сондағы жасалған бітім шарт негізінде, 1904-1905жылдары болған орыс-жапон соғысында Жапонияға өтіп кеткен Сахалин және Курил аралдары Кеңес Одағына қайтарылды.
Осы мақаланың басында 1939 жылы басталып, 1940 жылы аяқталған КСРО мен Фин соғысына біздің облыстан қанша адам қатысқаны туралы мәліметтің жоқтығын жазғанбыз. Сол сияқты 1945 жылы өткен жапон соғысына да қанша жерлестеріміздің қатысқаны жайында нақты мағлұмат жоқ. Бір анығы, онда от кешкен ағаларымыз бен аталарымыздың саны бірнеше ондаған мыңды құраса керек. Және ол соғыста қанша адамның қаза болғаны хақындағы дерек те жоқ.
Қалай дегенмен де, Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстіктің жұрты соғыс шебінде де, тылдағы еңбек майданында да ерен ерлік пен қажымас қажырлық танытты. Сөйтіп, қай тараптан болса да, Ұлы Жеңіске өз үлестерін айтарлықтай дәрежеде қосты. Ал біз барлық уақытта осынау ер болған, батыр атанған, кейбірі жар сүйіп, бала көрудің рахатын сезбей, Ел үшін, Отан үшін, бейбіт заман жолында жан қиған мыңдаған боздақтарымыздың аттарын қастерлеп, есімдерін еске алып жүруге міндеттіміз.
Деректерге қарағанда, Қазақстаннан майданға 1,5 миллион адам жіберілген. Олардың қатарында 82 мың коммунист, 242 мың комсомол мүшелері болған. Соғыста тек ер азаматтар ғана емес, мәлімет бойынша 5 мың 183 әйел мен қыздар жаумен шайқасқан.
1945 жылы 24-маусымда Москвадағы Қызыл алаңда Жеңіс парады болды. Бұл аса маңызды тарихи оқиға еді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көптеген қиындықтарға қарамастан, ұлы ерлік жасалды.
1945 жылы 17-шілде мен 2-тамыз арасында КСРО, АҚШ және Ұлыбритания үкімет басшыларының қатысуымен Подстам конференциясы болды. Оның жұмысына И.В.Сталин, Г.Трумэн, У.Черчиль (кейінірек К.Эттли) қатысты. Подстам конференциясы Германияның соғыстан кейінгі құрылымы, Польша шекаралары, тағы басқа мәселелерді қарады. Соғыстан кейін болған Нюрнберг процесі гитлершілердің адамзатқа қарсы жасаған аса ауыр қылмыстарын ашып, әшкереледі.
