1942 жылы 24-ші наурызда ҚК(б)П облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңес атқару комитеті осы жылдың 19-сәуіріндегі КСРО үкіметінің 1942 жылы 10 миллиард сомдық мемлекеттік әскери заем шығаруды шешкенін хабарлады. Бұл бұған дейінгі жылғыдан әлдеқайда жоғары болатын. Әрине елдегі соғыс жағдайына байланысты 1942 жылғы әскери заем қысқа уақыттың ішінде жоғары дәрежеде орындалды. Облыстағы Шымкент қаласы мен барлық аудандар әскери заемді айналымға түсіру үшін дайындықтар жасай бастады. Үгіт жұмысын жоғары дәрежеде жүргізуге көңіл бөлінді. Осы жайдың барысын үнемі бақылау жасап тұратын арнайы адамдарға тапсырмалар берілді. Сонымен бірге мемлекеттік әскери заемның таратылу барысы бақыланып тұруы керек еді.
Бүкіл елдегі сияқты стахановшылар қозғалысы өрістеді. Шымкент қорғасын зауытынан бөлек мұнда Қаратау, Байжансай рудаларын қорғасын рудаларын өндіру барған сайын артты.
Сол жылдары бүкіл республика халқы сияқты Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті 1941 жылы 7-қыркүйекте ВКП(б) орталық комитетінің 5-қыркүйектегі «Халық арасында қызыл әскерлер үшін жылы киімдер мен азық-түлік жинау» туралы қаулысын іске асыруға облыс ауылшаруашылығы еңбекшілерін ұйымдастырып, Қызыл Армияға көмек қолын созып жатты. «Артық астықты мемлекетке сату – әрбір колхозшының патриоттық борышы» ұраны да сол жылдары өмірге келді. Майданға 1941 жылдың желтоқсанында халық тарапынан 14207 дана жылы киім, 834 келі жүн, 59 келі мақта, 157 метр мануфактура, 70 келі киіз өткізілген. Бұдан бөлек, ОҚО еңбеккерлері 1941 жылдың қазанында майдангерлер үшін астық, ет, май құрғақ жеміс, азық-түлік өнімдерін жөнелткен. Киров ауданындағы Молотов ұжымдарында тұрғындар жеке қорынан 30 мың пұт астық жинаған. Сондай-ақ, соғыстың алғашқы екі жылында Ильичев ауданының еңбекшілері Қызыл Армияның жауынгерлері мен офицерлеріне 13 884 дана жылы киім, оның ішінде 513 тон, 710 жұп қолғап, 2066 фуфайка жинап берген. Ержүрек жауынгерлер ильичевтіктерден 1320-дан астам азық-түлік, май, жеміс-жидек алды. 1941 жылдың қараша айында химфарм зауыты 2 вагон бинт шығарып, майданға жөнелтті.
Одан кейін 1942 жылы 7-ші мамырдағы ҚК(б)П облыстық комитетінің мәжілісінде Ленинград майданындағы әскерлерге, командирлерге және саяси қызметкерлерге, Ленинградты ерлікпен қорғаушыларға дайындалған сый туралы мәселе қаралды. Қазақстан Компартиясы (большевиктер) Орталық Комитетінің 4-мамырдағы шешіміне сәйкес Шымкент қалалық және облыстағы барлық аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшыларына Ленинград майданындағылар үшін азық-түлік сыйлықтарын жинау, мамыр айының 25-жұлдызына дейін тапсырмаларды орындау міндеті қойылды.
1942 жылдың 13-қазанында Ұлы Қазан социалистік революциясының 25 жылдығына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысынан Ленинградқа 18 вагонмен 418 тонна өнім жіберді.
1942 жылдың 17-қазанында Оңтүстік Қазақстан облысынан Оңтүстік майданындағы Камышино станциясына 48 тонналық өнім 8 вагонмен жолданса, соғыс басталғалы 821 тоннадан астам өнімді 60 вагонмен жіберген. 112 тонна жеке өнімдер жөнелткен екен.
Созақ ауданында «Балдысу» колхозының коммунистері, комсомол мүшелері бұқара арасында саяси насихаттауды өрістетумен бірге өздері іс-жүзінде үлгі бола отырып, колхоз бойынша майдандағы жауынгерлер үшін 104 түрлі жылы киім жинады. Ал Арыс ауданында мамыр айының алғашқы жартысында еңбекшілер 10 шолақ тон, 5 пима, 40 ішкиім, 50 кг жүн, 10 қой терісін, 3 етік жіберді. Түркістан ауданында да осындай бұйымдар мен заттар жіберу үшін жұмыстар жүргізіп жатты.
Сол жылдары майдандағы жеңіс үшін қаншама жерлестеріміз өз қаржысын майданға жіберді. Сондай жандардың бірі — белгілі палуан, Темірлан ауылында тұрған күш атасы, әлемнің көп жерін аралап, классикалық күрестің чемпионы болған, барлығы 48 алтын, күміс және қола медальдардың иегері Қажымұқан Мұңайтпасов (1883-1948 жж.) жасының келіп қалғанына қарамастан көпшілік алдында ойын көрсетіп, ақша тауып, ұшақ жасау үшін Отан қорғау қорына 100 мың сом жіберді.
Қаншама ер азаматтар әскерге алынып, қиындықтар туып жатқанына қарамай, майданға мол астық, тағы басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсыру үшін облыс халқы еңбек туын барған сайын жоғары ұстады. Өзгелерді жарысқа шақыру ісі өрістеді. Жастар арасында өзара жарыс кең құлаш жайды. «Қарасу» колхозы жастарының жиналысында бар күш-жігер ел қорғауға жұмылдырылатыны айтылса, «Үсіктас» колхозының жастары да еңбек қарқынын бұрынғыдан да арттыра түсетінін білдірді. Осы колхоздың партия, комсомол ұйымының «Жас қайрат» атты қабырға газеті айына екі рет шығып, жастарды еңбек майданының алдыңғы қатарында болуға шақырды. Оның көп маңызы болды. Отан үшін қиындық туған осы кезде, ел қорғау сияқты жалпыхалықтық қасиетті іске өз үлестерін қосуға аудан қариялары да үндеу көтерді. «Мыңбұлақ» колхозындағы алпыс бес жастағы Көкеева, сексен жастағы ері екеуі аянбай еңбек ететіндігін айтып, өзгелерді де еңбек етуде жанқиярлыққа шақырды. Ол ел қорғау қорына 60 еңбек күн беретіндігін баян етті. Оны осы колхоздың Мырзабекова, Нұртазаев сияқты мүшелері қолдап, осы мақсатта өздерінің 150-180 еңбеккүндерін беретіндіктерін мәлім етті. Бұл басқа шаруашылықтарда жұмыс істеуге кіріскен қаншама жасы келген қарияларға әсер етіп, оларда жан аямай жұмыс атқарды.
