1941 жылы 27-мауысымда Қорғасын заводы коммунистерінің жиналысында бейбіт жұмысты соғыс талабына қарай қайта құруға шешім қабылданды.
Бүкіл облыста өндіріс орындарын соғыс мақсатына бұру жұмыстары басталды. Мүмкін болған жердің бәрінде соғысқа қажетті өнімдер өндіру қолға алынды. Шымкенттегі дәрі шығаратын химфарм зауытында 1941 жылдың қараша айынан бастап майдандағылар үшін керек болып отырған техникалардың тиісті бөлшектері өндірілді. Ал Шымкент қорғасын зауытына келсек, жауға атылған он оқтың жетеуін шығарды.
Қазақстанға соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде ерекше көзге түскен кәсіпорындар көшіріліп әкелінді. Тарихымыздан белгілі, ең алдымен республикада ауыр индустрия құрылды. Бұл мәселеде Оңтүстік өңіріндегі, биіктігі 2170 метр болатын солтүстік-батысқа қарай сілемі шамамен 420 километр жерді алып жатқан, қойнаулары қазбалы байлықтарға бай Қаратау жотасының ерекше маңызы зор еді.
Жалпы, Қаратау өңіріне көз салатын болсақ, азамат соғысынан кейінгі жылдары Қантағы, Ащысай, Ленгір көмір шахталары қалпына келтіріліп, қуаттылығының артуы үшін көп жұмыс атқарылды. Кеніштер мен шахталарды қуатпен қамтамасыз ететін Хантағы электр станциясы салынды. 1932 жылы Түркістан-Хантағы-Ащысай арасындағы тар табанды теміржол салу қолға алынды. Ал алғашқы бесжылдық жылдарында Шымкент қорғасын зауытының құрылысы басталған болатын. 1934 жылы 20-қаңтарда, тарихи дәлелмен айтар болсақ, таңғы 6 сағат 50 минутта алғашқы қорғасын алынды. 1936 жылы қорғасын зауытында қорғасын қорыту 2 есе артты. 1939 жылы шымкенттіктер бүкіл Одақта өндіретін қорғасынның 61,1 пайызын беру дәрежесіне дейін жетті. Сол жылы социалистік жарыс пен стахановшылар қозғалысын өрістеткені үшін зауыттың туына Ленин ордені тағылды.
Оңтүстік өңірінде Ұлы Отан соғысына дейінгі бесжылдықтарда Ленгір, Боралдай, Келтемашат көмір кендері, отын базалары жұмыс істеп, өнеркәсіп қажеттерін қанағаттандырып отырды. 1941 жылдың мамырында КСРО түсті металлургия халық комиссариаты стахановшы жұмыстағы үлгілі еңбегі үшін «Ащысай» кеншілерінен алдыңғы қатарлы 6 адамды «Түсті металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Оның ішінде забойшылар, механиктер, тағы басқалар болды.
Ащысай кенінде диспечерлік қызмет енгізіліп, оған барлық өндірістік процестерді жүйеге салып отыру, бос вагондар мен электровозды уақтылы беру, жүк пен ағаш материалдарын жеткізу, босқа тұрып қалушылықты болдырмау және басқалары жүктелді.
Өндіріс орындарында зәру шикізаттың орнын оның арзан түрлерімен ауыстырудың мүмкіндіктері қарастырылды. Басқа облыстардан көмекші материалдар тасу барынша азайтылды. Қорғасын зауыты шақпақтау цехы өнертапқыштарының ұсыныстары бойынша өте зәру кокстардың орнына кейде Ленгір көмірін пайдалану әдісі жүргізілді. Сөйтіп, Қарағанды мен Кузбастан кокс тасымалдау ісі бірден азайтылды. Ащысай комбинатында кальций карбидін, натрий, күкірт қышқылын, сұйық шыны шығару ұйымдастырылды.
Ал жергілікті кооперативтік өнеркәсіп фабрикалар мен зауыттардың қалдықтарын пайдалана отырып кір сабын, доңғалақ майын, каустикалық сода, әртүрлі бояуларды шығаруды жолға қойды. Олар майдан үшін арнайы тапсырмалар алып, оны абыроймен орындап, арнаулы киімдер, матрацтар, ішкиімдер тікті.
