1943 жылы Қазақстан өзінің ресурстарынан Россияның Краснодар және Ставрополь өлкелеріне, Украинаның шығыс облыстарына 2700 трактор, 123 комбайн, 880 тұқымсепкіш және 2500 соқа, мыңдаған мал, азық-түлік және киім-кешек жөнелтті. Осылардың барлығын 295 комбайншы, трактор бригадаларының 636 бригадирі, 115 механизаторы, 115 агрономы және 65 МТС директоры жеткізіп, шаруашылықты қалпына келтіру үшін сонда қалып жұмыс істеді. Тылдың майданға көмегі жауынгерлердің тұрмыс жағдайларын жақсартумен бірге олардың рухын көтеріп, жауды жеңуге деген жігерлерін одан әрі қайрай түсті.
1943 жылы 19 қаңтарда облыстық партия комитетінің бюросы «Қызыл Армияның құрылуының ХХV-ші жылдығына дайындық және өткізу» жөнінде мәселе қарап, Қызыл Армияның 25 жылдығына орай халықтың патриоттық сезімін көтеру үшін В.И Сталинге Қызыл Армияның ерлік істеріне байланысты өздерінің ойларын жолдады. Осы мақсатта Қызыл Армияның мерекесі атап өтілетіні, ол үшін облыстағы барлық еңбекшілердің еңбектерін көтеру жолында социалистік жарыстар өткізу, барлық жұмысшы, қызметкер, инженер, техниктер, барлық колхоз, совхоздардағы еңбеккерлер, машина-трактор станцияларындағы жұмысшылардың кеңінен тартылуы керектігі сөз етіліп, іске жылдам кірісіп те кетті.Оңтүстік Қазақстан облысында 188 тонна өнім жиналып, оның 5 вагоны 1943 жылы 3-ақпанда Ленинградтағы партизандарға жөнелтілсе, бір вагоны сталинградтықтарға жіберілді. Одан кейін 10-ақпанда Солтүстік Батыс майдандағы Осташкова станциясында 122 тоннадан астам азық-түлікті жіберу үшін дайындық жүріп жатты.
1942 жылы облыс жастары танк колоннасы құрылысы үшін 8 миллион сом қаржы жинаса, 1943 жылы «Қазақстан комсомолы» атты әуе эскадрилін салуға 1миллион сом ақша жинады. 1943 жылы Келес ауданының Жамбыл атындағы колхозынан Әкпар Шораев танк колоннасын құру үшін 100 мың сом ақша тапсырды. Шымкент ауданының «Ленин жолы» колхозынан Балта Әлібеков, Шағатай Егембердиев, Шақым Садықов 100 мың сомнан ақша жіберді. «Қызылабад» колхозының төрағасы Мүсірәлі Ізбасаров 170 мың сом, Андреев атындағы колхоздың төрағасы Есенқабыл Баймендиев осы мақсатта 200 мың сом ақша тапсырды. Мұндай азаматтардың саны жыл сайын өсе берді.
Патриоттық бастама көтерген Борлысай ауыл кеңесіне қарасты “Ақбастау” колхозының төрағасы Б.Беласаров пен Ақтас колхозының төрағасы Б.Оңдасынов танк жасау үшін 167-166 мың сомнан ақша жіберуді ұйымдастырды. Сөйтіп И.В.Сталиннің алғыс хатына ие болған еді. Жеңіс мақсаты үшін Танк колоннасын құруға және »Қазақстан колхозшысы’ атты самолет эскадрилиясын ұйымдастыруға Шаян ауданының еңбекші әйелдері үн қосып отырды. Мысалы, Борлысай ауыл кеңесіне қарасты бес колхоздағы колхозшы әйелдер Мәншүк Маметова атындағы танк колоннасын құруға 20 мың сом жинады. Оңтүстік өңірінде майданға көмек көрсетудегі осындай игілікті істер басқа жерлерде де жалғасын тауып жатты.
