ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАКӨЛ ЕЛТІРІСІ

Соғыстың қиын-қыстау кезеңдерінде одақтастарымыз – Америка Құрама Штаттары мен Англияның «Ленд-Лиза» келісімі бойынша көрсеткен орасан зор көмегі туралы біреу білсе, біреу білмес.

Майданның алғашқы жылында немістер көп басымдылық танытып, Одақтың мол аумағын, атап айтқанда Прибалтика, Украина, Беларусь, Қырым және Мәскеуге дейінгі Ресей жерін басып алды. Қаліміз тым ауыр-тын. Сол кездегі ағылшындардың басшысы Уинстон Черчиль өзі мейлінше жек көретін Кеңес Одағы мен фашистік Германия неғұрлым жан алқымға келгенше кескілескенін, екі жағының да әлсірегенін ұнатты. Ал, Америка Құрама Штаттарының президенті Франклин Рузвельт керісінше үлкен көрегендік танытты. Егер Германия Кеңес Одағын жеңсе, ағылшындарды тымақпен ұрып алатынына, одан кейін Гитлердің әлемдік билік-ке қол жеткізу үшін Америкаға да шабуыл жасайтынына күмән келтірмеді. Сондықтан, Одаққа мейлінше тез және үлкен көлемде жәрдем беру жөнінде Конгреске мәселе қойды. Ел қаржысын сыртқа беруге мейлінше сараң конгресшілерді көндіру оңайға соқпайтынын түсінген президент өз ойын былай жартылай жұмбақтап баяндады:

«Қатар тұрған екі үйдің біреуі өртенді. Өшірейін десе, ол үйдің шлангісі суға жетпейді. Ал, көршісінде шлангі бар, бірақ, оның үйі өрттен аман. Сатып алайын десе, өртенген үйдің ақшасы жоқ. Не істеу керек? Өрт өрши келе сау тұрған үйге де ауысып түсуі мүмкін ғой. Егер ол үй шлангісін өрт өшіруге көршісіне берсе, өрт сөнген соң қайтып алар еді. Немесе шамасы келгенде көршісі өтемін төлер еді».

Әңгіменің төркінін түсінген конгресшілер үйі өртеніп жатқан Кеңес Одағына үлкен көлемде жәрдем беруге қаулы қабылдады. Осы келісім шартты «Ленд-Лиза» деп атады. Терістіктегі Мурманск, Архангельск порттарына кемелермен соғысқа қажетті жүрдек мәшинелер, қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік, танкі мен ұшақтар ағылды. Аз уақыттың ішінде он миллиард доллар шамасында көмек алған Кеңес Одағының басшысы Иосиф Сталин орасан зор көлемдегі қарызды қалай өтеу керектігін сол кезде-ақ ойлай бастады. Қолда бар жүздеген тонна таза алтынды Америкаға құпия түрде артқызды. Өкінішке орай, алтын тиісті жеріне жете алмады. «Эдинбург» крейсерін немістердің сүңгуір қайықтары Атлант мұхитында суға батырып жіберді. Ол кезде мұхиттың арғы жағындағы елде алтынға тек қана қымбат елтірілер бағаланатын. Өйткені, қиыршығыс пен Сібірдің ормандарындағы терісі қымбат аңдарды ататын жігіттер түгел дерлік майданда жүрді. Қолда өсіріп, елтірісін алатын қаракөл қойы өте аз. Оңтүстіктегі «Шымқорған» кеңшарында ғана бар. Елді тұйыққа тіреген осы бір күрделі мәселені шешуді Сталин сол кездегі Сыртқы сауда министрі Анастас Иванович Микоянға тапсырды. Оған Одақ көлемінде жоғары деңгейлі өкілеттік беріп, саланы тиісінше қаржыландырды. Соғыстың аса ауыр зардаптарына қарамай, Қазақстандағы Қызылқұм, Мойынқұм, Арал мен Нарын құмдарында қаракөл кеңшарлары шұғыл ұйымдастырылды. Аз жылда жеті облыста 150 кеңшар құрылып, қаракөл қойы 6 миллионға жетті. Жылына 3 миллионға жуық қаракөл елтірісі қарызды өтеу үшін Құрама Штаттарға жөнелтіліп жатты. Тек соғыс жылдарының өзінде Оңтүстік Қазақстанда (Түркістан облысы) қаракөл қойын өсіретін шопандар мемлекетке 1 750 000 дана елтірі берді. Сол кезде екі елтірімен бір «Виллис», сегіз елтірімен бір «Студдабеккер» жүрдек мәшинесінің, елу елтірімен бір танк немесе бір ұшақтың құны өтелгенін ескерсек, мұның өзі, сөз жоқ, теңдессіз ерлік. Құм мен шөл далада қысқы аяз бен жазғы аптапта қорасыз, жем-шөпсіз, киіз үйді ғана паналап қой өсіру қажырлылықты емес, орасан білгірлік пен ерлікті де қажет етті. Халқымыздан осы асыл қасиеттер түгел табылды. Алғашқы жылдары ұйымдастырылған қаракөл кеңшарлары тікелей Мәскеудегі Сыртқы сауда министр-лігіне (Микоянға) қарады. Маңыздылығы жағынан аса қажетті, көлемі жағынан орасан зор осы бір күрмеуі қиын жұмыстың басында жүргендердің бірі – аяулы азамат Барыс Доспанбетұлы Көбе-леков.

Барыс Каспийдің шығыс жағалауында туылып, жетім қалған соң, теңіздің батыс бетіндегі Бақыда, балалар үйінде тәрбиеленді. 1935 жылы Мәскеудегі ауыл шаруашылығы институтының елтірі-тері саласын бітіріп, жоғарғы дәрежелі зоотехник мамандығын алды. Қазақстан үшін қаракөл – шаруашылықтың жаңа сапасы еді. Тыңға түрен салғандай, жолсыз, елсіз, сусыз құмда ірі шаруашылықтар ұйымдастыру оңай шаруа емес. Барыс Доспанбетұлы осы қияметтей қиын істің үдесінен шыға білді. Мәскеудің марапатына, шопандар қауымының сүйіспеншілігіне бөленді.

 

Еще от автора

Оставить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *