ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ЖӘНЕ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНА КӨШІРІЛІП ӘКЕЛІНГЕН ЗАУЫТ-ФАБРИКАЛАР МЕН АДАМДАРДЫҢ САНЫ ҚАНША БОЛДЫ?

Осындай қиын-қыстау жағдайда Қазақстанның рөлі күшейді. Қазақ жеріне Батыс аудандардан өндіріс орындары көшірілді.1941 жылдың желтоқсан айының басында Шымкент қорғасын зауытының территориясына Подольск қорғасын-прокат зауытының прокат цехы орналастырылды. Сондай-ақ, өсімдік каучугі, былғары зауыты, шұлық фабрикасы, т.б. кәсіпорындар Шымкентке әкелініп, тез арада монтаждалып, іске қосылды. Бұл кәсіпорындар сол кезде соғыс үшін өте қажетті жабдықтар мен бұйымдар шығарды.

1941 жылдың 19-желтоқсанынан 1942 жылдың қаңтар айының 5-жұлдызы аралығында, бар-жоғы жарты ай ішінде КСРО танк құрылысы халық комиссариаты Воронеж қаласындағы №234 машина жасау зауытын Шымкент қаласындағы қорғасын зауытына көшіріп әкелді.

Шымкентке Харьков қаласынан «Красный зеркальщик», Я.М.Свердлов атындағы химия-фармацевтикалық зауыт, шұлық-ұйық фабрикасы, тігін фабрикасы, Подольскіден құю-прокат зауыты, Кременчугтен электростанция, Мәскеуден алкалоид зауыты, Воронежден ұсталық пресс жабдықтары зауыты эвакуацияланды. Яғни, қаламызға барлығы 17 кәсіпорын 20 мың жұмысшысымен көшіп келіп, оған қоса 10 мың эвакуцияланған халық қабылданды.

Сонымен қатар Шымкент қаласына КСРО архитектуралық академиясы 60 қызметкерімен орналастырылды. Олардың қатарында Академия президенті В.А. Весник, академиктер В.И.Семенов және Н.Я.Колли бар еді. Одан бөлек Шымкентке тағы да Әлемдік экономика мен саясат ғылыми-зерттеу институты, География ғылыми-зерттеу институты, 16 балалар үйі, эвакогоспиталдар т.б. мекемелер орналастырылды. Көшіп келген Моссовет атындағы театр ұжымы (көркемдік жетекшісі Юрий Завадский, директоры М.Е.Александров, белгілі артистер В.М. Марецкая, И.А.Мордвинов, Б.Ю.Оленин) қала кәсіпорындарында жиі өнер көрсетіп тұрды. 1942 жылы Мәскеу облысынан бүкілодақтық дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу институты да көшіп келді.

Батыстан Қазақстанға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстанға да халықты шұғыл түрде көшіру қызу жүрді. Қазақ Кеңес социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің алдын-ала берген мәліметі бойынша бұл өңірге шамамен 31 мың адам эвакуациялануы тиіс болды.

Майдандағы әскерлерді киім-кешекпен қамтамасыз ету мақсатында өңірге мата тоқу фабрикасын көшіріп әкелу тиіс еді. 1941 жылдың желтоқсанында Москва облысы, «Красная поляна» ауданындағы мата тоқу фабрикасы көшіріліп келе бастады. Зауыттың құрал-жабдықтары 1942 жылдың 4-қаңтарынан бастап әкелінді. Олар тікелей шикізат көзі бар «Мақтаарал» совхозына орналастырылды. Осы зауытқа 417 адам бірге келді.

Өңірдегі бұрыннан істеп келе жатқан өндіріс орындарына да ерекше мән берілді. Соның ішінде Ащысай түсті металл комбинатының өндіріс қуаты ұлғайып, Мырғалымсай руднигі жедел игерілді. Бүкіл елге аңыз болып тарағандай, алғашқы кездің өзінде-ақ соғыста жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда, соның ішінде жетеуі Шымкент қорғасын зауытында жасалынып жатты.

Соғысқа жаттыққан ұшқыштардың керектігіне байланысты енді алда ұшқыштар даярлау міндеті тұрды. Осыған байланысты, 1941 жылдың 2-қазанынан Шымкент қаласының жанынан Орталық Азия әскери округі әскери әуе күштерінің аэродромын салуға кірісті. Ол қала жанындағы Қызылжар ауылдық кеңесінің Сталин атындағы колхозы жерінде салынатын болды. Облыс жерінде жауынгерлердің майданға әзірліктен өтіп баруы үшін атқыштар дивизиясын ұйымдастыру қолға алынды.

1941 жылдың қарашасынан Оңтүстікте майданда жараланған жауынгерлерді әкеліп орналастыратын орын дайындау жұмыстары жүре бастады. Шымкент қаласындағы қорғасын зауытының жатақханасына, мейманханада, Куйбышев атындағы мектепте, т.б. орындарда майданда жараланғандарды әкеліп жайғастыру мәселелері қолға алынды. Сонымен бірге КСРО-ның орталық аудандарынан келетін мекемелерді орналастыру жайларына да көңіл бөлінді. Ең алдымен Архитектура академиясы, Моссовет театры орналасатын орындар белгіленді.

 

Еще от автора

Оставить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *